Ставрос Ламбринидис Еуроодақтың адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі болып тағайындалды

БРЮССЕЛЬ. 26 шілде. ҚазАқпарат -Еуроодақтың шетел істері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілінің ұсынысы бойынша  ЕО кеңесі ресми түрде Грекияның бұрынғы сыртқы істер министрі Ставрос Ламбринидисті Еуроодақтың тарихында алғашқы рет адам құқықтары жөніндегі ЕО-ның арнайы өкілі етіп тағайындады.

Бұл туралы ЕО Кеңесінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ол ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап қызметіне кіріседі. Оның бастапқы мандаты 2014 жылдың 30 маусымына дейін жарамды. Оның қызметіне адам құқықтары саласында ЕО саясатының тиімділігін арттыру міндеті кіреді.

С.Ламбринидис мамандығы бойынша заңгер. Еуропалық парламенттің бұрынғы вице-президенті және Грекияның бұрынғы сыртқы істер министрі.