«Стажировка» – кәсіпкерлердің жастарға жасап жатқан қиянаты – заңгер пікірі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасында тәжірибеден өту деген заң жоқ. Жұмысқа орналасар алдын азаматтарға тегін жұмыс істету – заңсыз. Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болған заңгер дәл осындай пікір білдірді.
– Қазақстан Республикасында тәжірибеден өту деген заң мүлде жоқ. Ешкімнің сіздерді тегіннен тегін тәжірибеден өткізуге құқығы жоқ. Бұл – сіздердің жұмыстарыңызды тегін пайдалану. Егер сізге кәсіпкер «менде 2 күн тәжірибеден өтесіз» десе, сол 2 күн үшін де ақы төленуі керек. Егер сіз тәжірибеден өткен уақытыңызға ақы алмасаңыз, сотқа арыз беріп, сол жұмысқа жұмсаған уақытыңыздың ақшасын өндіріп ала аласыз, – дейді Гүлайым Антаева.
Заңгер өз практикасында кездескен заңбұзушылықтардың бірін айтып берді.
– Менің практикамда кездескен жағдай бойынша бір отбасы демалыс аймағында 3 ай бойы жұмыс істеген. Кейін оларды жұмыстан қуып шығып, «сіздер мұнда тегін тұрдыңыздар» деп айтқан. Егер сіздер жұмыс істесеңіздер, міндетті түрде істеген жұмыстарыңызға қатысты дәлел жинаңыздар. Сотта фото-видео дәлелдер қажет болады. Сол мәселе бойынша біз сотқа шағымданып, 3 айлық жалақысынан бөлек, үстем ақы да алдық. Әрине, бұл өте қиын. Бірақ нәтижесі болады, – дейді маман.
Студия қонағы еңбек келісімшартынсыз жұмыс істейтін студенттерге де құлаққағыс жасады.
– Құрметті студенттер! «Стажировка» деген сөзді естісеңіздер, бармаңыздар. Өйткені сіздер келіскеннен кейін ғана кәсіпкерлер осындай заңсыздыққа барады. Келісімшарт болмаған соң жұмыс істегеніңді дәлелдей алмайсың. Кәсіпкерлер де мұны біліп алған. Жұмысқа кірсеңіздер, міндетті түрде фото-видео фиксация жасап отырыңыздар. Келісімшарт болмағанның өзінде, WhatsApp арқылы сөйлескен әңгімелеріңіз де сотта дәлел бола алады, – дейді ол.
Гүлайым Антаева кәсіпкерлердің ешқандай азаматтың уақыты мен ресурсын тегін пайдалануға құқығы жоқ екенін ескертті.
– Кез келген тәжірибеге ақы төлеу керек. Біздің кәсіпкерлер 3 күн бір студентті, тағы 3 күн келесі студентті тегін жұмсап, жаман үйренген. Олар жұмысшыға: «Сен 3 күн тәжірибеден өтесің, бірақ ресми жұмысыңа 10 мың теңге алатын болсаң, тәжірибеден өткен уақытыңа 5 мың теңге төлейміз. Егер жұмысың бізге ұнаса, біз сенімен еңбек келісімшартын жасаймыз. Ары қарай толық жалақы аласың», – деп айтуы керек. Адамның уақыты мен ресурсын ешкім тегін пайдаланбауы керек. Ол кісі таң атпай тұрады. Жұмысқа келіп-кету үшін де шығындалады. Бұл – кәсіпкерлердің жастарға жасап жатқан қиянаты! – дейді заңгер.
Маман мұндай заң бұзушылықтарды тексеруге еңбек инспекциясының құзыреті жоқ екенін жеткізді.
– Мұндай дүниелерді тексеруге еңбек инспекциясының құзыреті жоқ. Өйткені бұл айғақтарға сот қана құқықтық баға бере алады. Ауызша келісімшарттың өзі келісімшарт ретінде есептеледі. Ал еңбек инспекциясы ауызша келісімшарттарды қарамайды. Сіз жұмыс берушіге жалақыны бермесе, сотқа баратыныңызды айтасыз. Ол сонда да бас тартса, барлық айғақ, дәлелдер сотта қаралып, құқықтық баға береді. Барлығы дәлелденсе, келісімшарт бойынша жалақы төлеуге міндеттейді. Ал басқа органдар ешқандай азаматты ештеңеге міндеттей алмайды, – дейді Гүлайым Антаева.
Ал жұмыс беруші арыз жазуға мәжбүрлесе, жұмысшы өз құқығын қалай қорғайды? Білгіңіз келсе, сілтемеге өтіңіз.