Стелла Суханова: Қарсыластарымның мерейі үстем болды

НАГОЯ.KAZINFORM — Байдарка және каноэде ескек есуден Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Стелла Суханова Азия ойындарындағы жарыс жолын қортындылады. Спортшы Kazinform тілшісіне берген шағын сұхбатында, финалдық бәсеке оңайға соқпағанын жасырмады.

Фото: ҰОК


— Финалдық бәсеке оңай болған жоқ. Сигнал белгісінен бастап бар назарым жарыс жолында болды. Тек алға қарай ұмтылдым. Қарсыластарым өте мықты. Олардың мерейі үстем болды, ал мен бар күшімді салып қола жүлдеге іліндім, — деді ол.

Фото: ҰОК

 

Стелла Суханова бұл бәсекеден көп тәжірибе жинағанын, болашақта жақсы нәтижелерге қол созатынын айтты.

— Әрбір спортшы Олимпиада жүлдегерлеріне, қатысушылары мен чемпиондарына қарап бой түзейді, алайда ең басты мақсат — күн сайын өзіңді жетілдіру. Сонда қалғанының бәрі өз орнына келеді, — деді қазақстандық спортшы.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Стелла Суханова әйелдер арасында 500 метрге жекелей сында үшінші орын алды.

Сонымен қатар, Байдарка және каноэде ескек есуден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайсар Нұрмағанбетов Азиаданы қортындылады.