Әлихан оқуға қабылданғаны туралы хабарды алғаш көргенде өз көзіне өзі сенбеген.
— Нәтиже сенбі күні таңғы 5-те шықты. Өзіме қатты сенбегендіктен, ұйқымды бұзбай сағат 10-да бір-ақ ояндым. Поштаны ашқанда «түстің» деген жазуды көріп, есеңгіреп қалдым. Сене алмағаным сонша ноутбукті өшіріп қосып, браузерді қайта-қайта жаңарттым. Тек 5 минуттан соң ғана бұл түсім емес, өңім екенін түсіндім, — дейді ол.
Сарапшылардың айтуынша, Стэнфорд — әлемдік рейтингте үздік үштіктен түспейтін оқу орны. Мұнда түсу үшін тек робот құрастыру аздық етеді.
Әлиханның портфолиосында спорт та, экономика да, тіпті мектептегі көшбасшылық тәжірибесі де бар. Ол университет сұраған 650 сөздік басты эсседен бөлек, 8 бірдей қысқа шығарма жазып шыққан.
— Мұнда бір ғана жарыс немесе бір ғана бағыт рөл ойнамайды. Бұл — бүкіл өміріңдегі ізденістерің мен ойларыңның комбинациясы. Мен робототехникамен қатар бизнес-стартаптарға қатыстым, әртүрлі жерлерден тәжірибе жинадым. Сондықтан Стэнфордтағы «Management science engineering» деген сирек мамандықты таңдадым. Бұл бағыт бизнес, инженерия және жасанды интеллект салаларын бір арнаға тоғыстырады, — дейді болашақ студент.
Әлихан өзінің белсенді жолын 9-сыныптан бастаған. Білім форумдарында шетел асқан отандастарының жетістігін көріп қанаттанса, жасанды интеллект саласында жүрген анасы оған бағыт-бағдар беріп, басты мотиваторына айналды.
— Болашаққа арманым көп. Ендігі мақсатым — өзімнің ЖИ бастамамды әлемдік деңгейге шығару. Сәуірде Стэнфордқа алғашқы танысу апталығына барамын, ал негізгі оқуым тамызда басталады, — деп түйіндеді Әлихан.
Айта кетейік, Әлихан FIRST жарыстарына қатысып, бастапқы деңгейдегі FIRST LEGO League кезеңінен бастап жоғары деңгейдегі FIRST Tech Challenge санатына дейін жеткен.
Оның командасы Орталық Азия аймақтық чемпионатында жеңіске жетіп, Хьюстон қаласында өткен әлемдік кезеңге жолдама алды. Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша команда инженерия, дизайн, презентация және қоғаммен жұмыс бағыттары бойынша берілетін Inspire Award сыйлығының 3-орнын иеленген болатын.