Степногор қаласында ағымдағы жылы көші-қон бағдарламасына 400 миллион теңге қарастырылған
08:52, 06 Қаңтар 2010
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Степногор қаласында туған жерге оралуға ниеттенген қандастарымызды ораналастыру мақсатына бюджеттен 400 миллион теңге қарастырылып отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық көші-қон басқармасының бастығы Едіге Исеновтың айтуынша, жыл ішінде Степногор қаласында «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында 70 отбасы қабылданатын болады. Соған орай 36 үй салу көзделуде. Тұрғын үй бағдарламасына республикалық бюджеттен 29670 мың теңге, инфрақұрылым жұмыстарына 700 мың теңге ескерілген. Өңірге Өзбекстанның Зарафшан қаласынан көшіп келуге тілек білдірушілердің құжаттары әзірленуде.
Өткен жылы Көкшетау қаласына іргелес Красный яр ауылына 200-ге тарта оралман қоныстанған болатын. Оларға республикалық бағдарлама аясында жайлы үйлер салынып, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген болатын.