Степногор қаласында көп функционалды спорт алаңы пайдалануға берілді

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат -Тəуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу аясында Степногор қаласында көп функционалды спорт алаңы пайдалануға берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі қала əкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Жоба өткен жылғы Жаңа жыл кешінен түскен қайырымдылық қаражат есебінен қолға алынды. Əсіресе, жобаны толық жүзеге асыруға кəсіпкер Александр Герауфудың атсалысқанын атап өткен жөн. Ол өзі басшылық жасайтын құрылыс компаниясы құрылыс жұмыстарын қолға алған.

Қазіргі кезде, нысанда стандартқа сай, футбол, хоккей, баскетбол жəне волейбол алаңдары мен мұз айдыны жұмыс істейді.

Су жаңа спорт алаңының ашылуы салтанатына қала әкімі Əнуар Күмпекеев, кəсіпкер Александр Герауфу, «Степногор-ЕПК» АҚ бас директоры Анатолий Томилов, «Август Нан» ЖШС директоры Мұрат Сəрсембаев жəне қала тұрғындары қатысты.

 

Өз кезегінде қала басшысы степногорліктердің бұқаралық спортпен шұғылдануына қол ұшын созған азаматтарға алғысын білдіре келе, жиналғандарды осы игі іске арқау болған ел тəуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады.

Сондай-ақ, шара барысында биатлоннан Ақмола облысы кубогінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Оған қоса, қала əкімі бүгіндері бұқаралық сипат алған Street Workout алаңын алдағы уақытта ашу жоспарда бар екенін атап өтті.

Алғашқы ойын ретінде мұз айдынында хоккейден Степногор жəне Бестөбе командалары арасында жолдастық кездесу өтті.