Степногорда әйел мен 4 жасар баланы күйік шалды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Степногорда өрт кезінде әйелді баласымен бірге күйік шалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, келеңсіз жағдай Ақсу кентінде болды. Бұл туралы кешкі сағат 20:12 кезінде телефон арқылы хабарланған. Тілсіз жауды ауыздықтауға Степногор қаласының МӨБ-3 кезекшілік ауысымы, «Степногор» ЕПК» АҚ екі қызметкері, «Степногор тау-кен химия комбинаты» ЖШС төрт жұмысшысы, сондай-ақ үш адамнан тұратын жедел топ жұмылдырылды.

«Жеке тұрғын үйдің 60 шаршы метр аумағы өртенді. Салдарынан 25 жастағы келіншек пен 4 жасар баланы күйік шалды. Қазіргі кезде зардап шеккендер Степногор қалалық көпбейінді ауруханасында ем қабылдауда. Өрт сағат 20:52 ауыздықталып, 21:25 сөндірілді», – деп атап өтті Ақмола облыстық ТЖД бастығы Алексей Советов.