Степногорда қалаішілік жолдардың жай-күйі талқыланды

АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат - Интернеттегі әлеуметтік желілерде 31 наурыз күні сағат 12-00-де Степногор қаласының әуесқой автомобильшілері қалаішілік жолардың жай-күйіне биліктің назарын аудару үшін жиын өткізетіндігі жарияланған болатын.

Ақмола облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше аталған уақытта қала басшысы Андрей Никишев жиналғандардың алдына шығып, көтерілген мәселені «Горняк» мәдениет үйінде талқылауға шақырды. Шараға 300-ге жуық адам, оның ішінде республикалық «ОКО», «Литер», «Мегаполис» газеттерінің, «КТК» телеарнасының өкілдері, қалалық «Престиж», «Новая», «Вечерный Степногорск», «Степногор ақшамы» газеттерінің, қалалық телеарнаның тілшілері қатысты.

Жиынға қатысушыларға 2009 және 2010 жылдары қаланың көше жолдарын жөндеуге «Жол картасы» іс-шарасы аясында жыл сайын 50 млн. теңгеден бөлінгендігі айтылды. Өткен жылы облыстық бюджеттен жобалық-сметалық құттама әзірлеуге 8 млн. теңге бөлінді.

Қазіргі таңда Степногор қаласының жолдарын жөндеу моноқалаларды дамыту республикалық бағдарламасы аясында жүргізілуде. Ағымдағы жылы аталған бағдарлама аясында көше жолдарын жөндеуге 253 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар осы мақсаттарға облыс бюджетінен 125 млн. теңге бағытталып отыр. Ал қала бюджетінен көше жолдарын ағымдық жөндеу жұмыстарына 55 млн. теңге беріледі.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігіне Степногор қаласының көше жолдары желісін күрделі жөндеу үшін республикалық бюджеттен 2,9 млрд. теңгеден астам қаржы бөлуге ұсыныс жасалды.

Кездесу қорытындысы бойынша биілк органдарының жұмысына қоғамдық бақылау жүргізу үшін әуесқой автомобильшілердің бастамашыл тобын құру туралы шешім қабылданды.