Степногорда кен басқармасының кеңсесі өртенді
09:20, 13 Мамыр 2009
КӨКШЕТАУ. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Степногор қаласы аумағындағы Бестөбе кентінде «Қазақалтын» акционерлік қоғамы кен басқармасының кеңсесі өртеніп кетті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Қала прокуроры Шоқан Қоңырбаевтың айтуынша, түн мезгілінде күзетшілер шынының сынғанына ұқсас қатты дыбыс шыққанын естіген. Бірақ жақын маңда бөгде ешкімді байқамаған. Өрттің шыққандығы турасындағы хабар жетісімен үш өрт сөндірушілер құрамы мен Бестөбе кентінен бір топ келіп, тілсіз жауды залалсыздандырған. Қас қағым сәтте аумағы 500 шаршы метр екі қабатты нысан жарамсыз күйге ұшырапты. Абырой болғанда бірінші қабатта орналасқан әкімдіктің барлық құжаттары аман қалған. Келеңсіз оқиғада адам шығыны тіркелмеген. Бұған дейін басқарма бастығының көлігін белгісіз біреулер оқтың астына алып, қастандық жасалған болатын. Екінші күдік - кәсіпорынның жаңа басшысы Иса Мұсаев қараусыз қалған кеніштерде заңсыз алтын өндірісіне тосқауыл қоюды қолға алған. Соның барысында 500-ге тарта адамның жымысқы кәсібі әшкереленген. Қазір өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейінгі қылмыстық әрекетке қатысты тергеу амалдары да әзірге нәтиже бермеген.