Шаһардағы ту тұғырдың маңында өткен салтанатты шараға қала әкімі Əнуар Күмпекеев қатысып, жерлестерін саяси маңызы зор мерекемен құттықтады. Алдымен Қазақстан Республикасының Əнұраны орындалып, көк туымыз тұғырдың бойымен көкке көтерілді.
«Мемлекеттік рәміздер - бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі.
Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді» деп құттықтауын Елбасының сөзімен бастаған қала әкімі жерлестерін мемлекет рəсімдер құрметтеп, қастерлеуге, отанын сүюге шақырды.
Шара барысында қаланың əлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ степногорлікке қала əкімінің алғыс хаты тапсырылды.
Олардың арасында қала прокуратурасының іс-қағаздарын жүргізуші Зарида Құдыярова, полицияның аға лейтенанты Жанарбек Теміртас, қалалық соттың баспасөз маманы Бауыржан Тайшіков, №9 мектеп директорының оқу жөніндегі орынбасары Зəуреш Мадиярова, сот орындаушысы бөлімінің инспекторы Алма Қайырова, мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Ирина Пустынникова, №2 құрылыс-техникалық колледж директорының орынбасары Шолпан Омарова жəне «Мақсат» колледжінің директоры Гүлнəр Ыдырысова бар.
Сонымен қатар, 10 сәуір мен 5 мамыр аралығында қаланың ең үздік гербінің эскизі байқауында топ жарғандар да марапатталды.