Степногорскіде заңсыз алтын өндірген топ ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Степногорскіде полиция бағалы металдардың заңсыз айналымын әшкереледі. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
26 қарашада Степногорск қаласында полиция қызметкерлері жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларының кешенін жүргізу нәтижесінде, құрамында алтын бар шикізатты заңсыз өңдеген адамдарды ұстады. Заводской кентінің аумағында полицейлер екі жасырын цехты анықтады.
Ұстау кезінде заңсыз іздеушілердің екі бригадасы болған. Олардың құрамында алтыны бар материалдан арнайы жабдықты пайдалана отырып, алтын алу процесін ұйымдастырғаны анықталды.
Оқиға орындарын тексеру және тінту іс-шараларын жүргізу барысында құрамында 800 келіге жуық алтын бар материал, екі қайта өңдеу құрылғысы, сондай-ақ 30 грамм алтын тәркіленді. Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Заңға қайшы қызметке қатысы бар азаматтарға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.
Айта кетелік Алматыда бір топ адам Қытай азаматтарынан 5,5 млн теңге бопсалаған.