Стейблкоин: Қазақстанның өз криптовалютасы пайда болады

Фото: Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк «стейблкоин» деген атаумен өз цифрлық активін шығаруды жоспарлап отыр.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауапта осындай дерек айтқан.

- Қазіргі уақытта Ұлттық банк цифрлық активті шығару мәселесін пысықтауда, оның негізін Ұлттық банктің Цифрлық теңгесі (стейблкоин: Крипто-ЦТ) қамтамасыз етеді. Ұлттық банктің Цифрлық теңге криптоаналогы бұл жағдайда цифрлық активтермен мәмілелер бойынша есеп айырысу құралы және нарықтың тұрақсыздығы кезеңінде цифрлық активтермен мәмілелер арасындағы құнды сақтау құралы рөлін атқарады, - деп жазылған жауапта.

Жобаны нақты өмірге енгізбей тұрып бірнеше сынақтан өткізу жоспарланған.

- Бастаманы іске асырудың нақты моделі нарыққа қатысушылармен бірге Ұлттық банктің реттеу ортасы негізінде жобаны іске қосудың әртүрлі нұсқаларын тестілеуден кейін айқындалатын болады, - дейді Тимур Сүлейменов.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда криптоайырбастау, цифрлық майнинг салаларын ырықтандыруды тапсырған еді.