«Стоп-трафик» сауықтыру шарасының барысында 67 «жеңгетай» ұсталды - ІІМ

АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Стоп-трафик» жедел-сауықтыру шарасының барысында 1 - адам саудалау, 5 - кәмелетке толмаған жастарды сату және 1 - азаматтарды жеке бас мүддесіне пайдалану үшін бостандығынан айыру әрекеті анықталды.

 Сонымен қатар, осы жұмыстар кезінде өзінің жеке мақсаттарына пайдалану үшін 2 рет кісі ұрлау мен 4 жезөкшелікпен айналысу және қыздарды мәжбүрлі түрде өзгеге пайдалануға беру мен жынойнақ орындарын ұйымдастыру әрекеттері анықталды. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айының 7-і мен 11-і аралығында жүргізілген «Стоп -трафик» операциясы адамдарды саудалаумен байланысты қылмыстарды анықтау мақсатында жүргізілген болатын. Шара барысында тәртіп сақшылары 67 жеңгетай мен осы тектес заң бұзу әрекеттеріне жол берген 409 азаматты арнайы есепке қойған. Ал ішкі істер органдарының арнайы мекемелеріне аты-жөндерін анықтау мақсатында 136 адам қамалған. Олардың 32-сі - кәмелеттік жасқа толмағандар және 58-і - ТМД елдерінен келгендер.