StormWall: Иран мен Израильге кибершабуылдар рекордтық деңгейге жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Таяу Шығыстағы шиеленістің аясында Иран мен Израиль 2025 жылдың екінші тоқсаны қорытындысы бойынша кибершабуылдар саны ең көп елдер бестігіне енді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Израиль жалпы DDoS-шабуылдардың 8,4%-ымен әлемдік рейтингте төртінші орынды иеленсе, Иран 8,1%-дық үлесімен бесінші орынға жайғасты. Екі ел де саяси уәжбен әрекет ететін хактивистер тарапынан бұрын-соңды болмаған шабуылдарға ұшыраған.
StormWall дерегінше, 2025 жылдың екінші тоқсанында DDoS-шабуылдар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108%-ға артқан. Кибершабуылдардан ең көп зардап шеккен елдер тізімінде дәстүрлі түрде АҚШ көш бастап тұр – шабуылдардың 12,6%-ы осы елге тиесілі. Одан кейін Қытай (10,4%) мен Үндістан (9,2%) орналасқан. Сарапшылар бұл елдердің геосаяси ахуалы мен экономикалық дамуы олардың осалдығын арттырып отырғанын айтады.
Кибершабуылдардың негізгі нысанасына айналған елдердің ондығына Еуропа мемлекеттері де кірді. Германия 7,6%-бен алтыншы, ал Ұлыбритания 7,3%-бен жетінші орында. Бұл елдерге қарсы шабуылдар тек киберқылмыскерлер тарапынан ғана емес, саяси шешімдерге қарсылық білдіруші хактивистер тарапынан да жасалған.
Әдетте үздік бестіктен түспейтін Ресей бұл жолы сегізінші орынға түскен (6,4%). Бұл кезеңде ББМТ (ЕГЭ) мен жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жұмысына кедергі келтіруді көздеген жасөспірімдердің жаппай шабуылдары тіркелген.
Тізімді Сауд Арабиясы (5,3%) мен Сингапур (5,1%) қорытындылайды. Сауд Арабиясы – өңірдегі ықпалды ел және онда мұнай-газ, қаржы салалары шоғырланған. Ал Сингапур дамыған экономикасы арқасында киберқылмыскерлер үшін тартымды нысан саналады.
Бұған дейін Әзербайжан билігі кибершабуылдар санының өсуіне байланысты стратегиялық нысандардың киберқауіпсіздігіне бақылауды күшейткені хабарланған.