Стоунхендж тастарының бірі Шотландиядан 750 шақырым жерден тасымалданған

Фото: Фото: snob.ru

АСТАНА. KAZINFORM – Лондон университеттік колледжінің (UCL) археологтары Стоунхендж тастарын зерттеп, олардың біреуі Шотландиядан әкелінгенін анықтады. Олардың арасындағы қашықтық 750 шақырымнан асады, деп жазады The Guardian. Бұл туралы snob.ru хабарлайды.

100 жылға жуық уақыт бойы ғалымдар тастардың бір бөлігі Уэльсте (діни ғимараттан шамамен 200 шақырым жерде) өндірілген деп санады.

Стоунхендждің орталық элементтерінің бірі – Алтарь тасы бұрын Уэльстен шыққан деп есептелген, шын мәнінде ол Шотландиядан шыққан. Ол елдің солтүстік-шығыс шекарасында орналасқан Оркней аралдарынан әкелінді. Зерттеушілердің атап өтуінше, бұл жаңалық олардың соңғы неолит және осы жерлердің ежелгі тұрғындары туралы түсінігін түбегейлі өзгертті. 

«Бұл неолит дәуірінде Британ аралдарындағы адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы түсінігімізді түбегейлі өзгертеді. Бұл тақырып көп жылдар бойы талқыланатын болады», - деді UCL құрметті аға ғылыми қызметкері Роб Иксер басылымға берген сұхбатында.

Алтарь тасы – Стоунхендждегі ең танымал тас емес. Ол тегіс, құрылымның ортасында жатыр және басқа мегалиттердің артына жасырылған – келушілер оны байқамай да қалады. Стоунхендждің сыртқы шеңбері (ең әйгілі) құрылымнан 25 шақырым қашықтықта орналасқан жергілікті тастардан құрастырылған, ал ішіндегі тастар Уэльстен әкелінген.