Стойлов: Келесі қарсыласымыз Селтик бола ма, Линкольн бола ма - бізге бәрібір

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» ФК бас бапкері Станимир Стойлов «Жальгирис» командасына қарсы болған Чемпиондар лигасының екінші іріктеу ойынында футболшылардың екінші таймда көрсеткен өнерлеріне көңілі толмайтындығын анғартты.

Дегенмен өзінің қол астындағы футболшыларына бүгінгі жеңістері үшін алғыс білдірді.

«Ойын қиын болды. Біз ойынды бұдан да ерте шеше алатын жақсы мүмкіндіктер болды. Дегенмен ойыншылар алғаш рет фаворит ретінде шығып отырғандықтан, қатты қобалжыды», - деді ол «Жальгирис» командасымен болған ойыннан кейін.

«Меніңше, екінші таймда біз тәртіпке мән бермей кеттік. Бұл Чемпиондар лигасында кешірілмейтін олқылық. Нәтижесінде «Жальгириске» гол салғызып қойдық, - деп жалғады бапкер. - Менің ойымша, «Жальгирис» былтырғы маусымда біз кездескен ХИК пен Марибордан жақсырақ болды».

Келесі ойынды С. Стойлов кез келген командаға ойын өткізуге дайын екендігін жеткізді. «Бастысы келесі раундқа өтсек болды. Селтикке немесе Линкльнға қарсы өткіземіз бе - бізге бәрібір», - деді бапкер.

Айта кетейік, «Астана» мен «Жальгирис» арасындағы кездесу елордада өтті және 2:1 есебімен аяқталды.