АСТАНА. ҚазАқпарат - Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Страндж-2023» турнирінде 21 ақпанда қазақстандық бес спортшы шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Былғары қолғап шеберлері күндізгі және кешкі сессияда сынға түседі.
Алдымен елорда уақытымен 17.00-де 57 келіде Оразбек Асылқұлов ирландиялық Джуд Галлахермен қолғап түйістірсе, 63,5 келіде Ертуған Зейнуллинов испаниялық Конде Ойер Ибарречемен шеберлік байқасады.
Ал 22.00-де басталатын кешкі сессияда Бекзат Алдамжаров (54 келі) франциялық Биллаль Беннама, Темірхан Тезек (67 келі) болгариялық Пламен Янков, Бекзат Таңатаров (86 келі) үндістандық Картикпен шаршы алаңға шығады.
Аталған жарыста қазақстандық 13 былғары қолғап шебері ел намысын қорғайды.
Қазірге дейін Ерасыл Таңқай қарсыласын нокаутпен жеңді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.