АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Ерасыл Таңқай Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Страндж-2023» турнирінде алғашқы жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ел құрамасынан бірінші болып рингке шыққан ол, 60 келі салмақта италиялық Даниэле Салерномен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында ол қарсыласын үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Екінші және үшінші раундтарда Италия боксшысын нокдаунға да жіберген еді.
Осылайша ол жарыстың 1/8 финалына жолдама алды.
Мамандар арасында «Страндж» турнирі кіші әлем чемпионаты ретінде бағаланады.
Халықаралық турнир 19-27 ақпан аралығында өтеді.
Былғары қолғап бәсекесі 1950 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Аталған турнир 2024 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі саналады.
Былтыр аталған турнирде қазақстандық боксшылар 17 медальмен (4 алтын, 4 күміс, 9 қола) жалпыкомандалық есепте екінші орын алған еді.
Биылғы «Страндж» кубогіндегі қазақстандықтардың қарсыластары туралы бұған дейін жазған болатынбыз.
Фото: sports.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.