Странджа-2025: 4 бұрымды боксшымыз күміспен күптелді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Болгария астанасында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа кубогының» финалында әйелдер арасында бірінші болып Қазақстан құрамасынан бес баланың анасы Әйгерім Сәттібаева шаршы алаңға көтерілді.
48 келі салмақта ел анмысын қорғаған отандасымыз финалдық жекпе-жекте жергілікті боксшы Севда Асеноваға жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
54 келі салмақта сынға түскен тағы бір бұрымды боксшымыз Әнел Сақыш та финалда қарсыласына есе жіберді. Ол ақтық сында түркиялық Сам Нилай Яреннен жеңілді. Осылайша түрік қызы төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, аталған турнирдің чемпионы болды.
Ал, 57 келіде Қазақстан құрамасының мүшесі Айдана Забынбекова финалда қытайлық Ю Шинюмен қолғап түйістірді. Аса тартысты өткен жекпе-жекте төрешілер қытайлық спортшыны жеңімпаз деп тапты.
60 келіде тағы бір отандасымыз Римма Волосенко мен косовалық Садику Донжета алтын жүлдені сарапқа салды. Өкінішке қарай төрешілер шешімімен тағы да Косово өкілі жеңіске жетті.
Енді, қыздар арасында алда тағы екі жұп алтын жүлдені сарапқа салады.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Қазақстан құрамасының финалдағы қарсыластары белгілі болғанын жазған болатынбыз.