Странджа-2025: Қазақстандық боксшыға жарысқа шығуға шектеу қойылды
АСТАНА. KAZINFORM – Болгария астанасында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа кубогының» төртінші жарыс күнінде бір боксшымызға жарысқа шығуға шектеу қойылса, екінші боксшымыз шаршы алаңға шыға сала жарақат алып, жеңіс қарсыласына берілді.
Нақтырақ айтсақ, 48 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан Санжар Тәшкенбай ирландиялық боксшы Луис Рунимен жекпе-жектің алғашқы раундында қолын жарақаттап, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Өкінішке қарай дәрігерлердің кеңесімен айқас соңына жетпей аяқталды.
Нәтижесінде жеңіс қарсыласқа берілді.
Сонымен қатар бүгін 54 келі салмақта өнер көрсететін боксшы Махмұд Сабырхан да денсаулығына байланысты жарыстан шеттетілді.
Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, ол тамақтан уланып қалған.
– Тағамдық инфекция. 3 наурызға дейін жарыстарға қатыспайды, – делінген медициналық анықтамада.
Бүгінгі жарыста Махмұд Сабырхан косовалық Бажоку Башкиммен жұдырықтасуы тиіс еді.
Сонымен қатар Махмұд Сабырхан финалға дейін жеткенде өзбекстандық екі дүркін Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматовпен кездесуі мүмкін деп жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін бүгін шаршы алаңда кімдердің жұдырықтасатыны туралы жазған болатынбыз.