Странджа-2025: Тағы үш боксшымыз жартылай финалистер қатарын толықтырды
АСТАНА. KAZINFORM – Болгария астанасында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа кубогінің» төртінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасынан тағы үш боксшымыз жартылай финалға жолдама алды.
Олардың қатарында 63.5 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы ирландиялық Джейсон Невинге мықтылығын мойындатты. Есеп – 5:0.
Ал осы салмақта тағы бір отандасымыз Ертуған Зейнуллинов ширек финалда әзербайжандық Руслан Рустамовты жеңіп шықты. Есеп – 4:1.
Сондай-ақ, 75 келіге дейінгі салмақта жерлесіміз Тимур Нұрсейітов те жартылай финалға шықты.
Ол ширек финалда әзербайжандық Расим Чобанлимен кездесті. Бірінші раундта төрешілер басымдықты қарсыласына берді. Алайда, кейінгі екі раундта шабуылда ширақ, қорғаныста мығым болған Тимур жеңіске жетті. Есеп – 5:0.
Ал 60 келдіе өнер көрсететін Серік Теміржанов бүгін алғашқы жекпе-жегін өткізіп, келесі айналымға қиналмай өтті. Ол ирландиялық Риз Оуэнстен жұдырықтасып, үш рануд қорытындысы бойынша Теміржанов айқын басымдықпен жеңді. Есеп - 5:0.
Талғат Сырымбетов те қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Отандасымыз жергілікті боксшы Тинко Банабаковпен қолғап түйістірген болатын. Қарсыласы екінші раундта басынан ауыр жарақат алып, жарысты ары қарай жалғастырудан бас тартты.
71 келіге дейінгі салмақта Сабыржан Аққалықов италиялық боксшыны үйіне қайтарды. Ол жекпе-жек отандасымыздың айқын жеңісімен аяқталды. Ремо Салватиді 5:0 есебімен жеңіп шықты.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін тағы екі боксшымыз жартылай финалға шыққанын жазған едік.