Странджа кубогі – 2025: Бекзат Нұрдәулетов өзбек боксшысын бірінші раундта нокаутқа түсірді

АСТАНА. KAZINFORM — Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан дәстүрлі халықаралық Странджа турнирінде қазақстандық боксшы Бекзат Нұрдәулетов бірінші айқасында өзбек қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсірді.

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

86 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан Бекзат жарыстың 1/8 финалында өзбекстандық Акмалжон Исроиловпен жекпе-жек өткізді. Алайда, тартысты басталған айқас алысқа ұзаған жоқ. Отандасымыз қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді.

Бұл Бекзаттың аталған турнирдегі алғашқы айқасы болатын. Осылайша ол турнирдің 1/4 финалына өтті. Енді ертең Нұрдәулетов франциялық Абулайе Траоремен жұдырықтасады. Франциялық боксшы өз кезегінде 1/8 финалда Кеннеди Брайннан басым болды.

Айта кетейік, осыған дейін Париж Олимпиадасында ерлер құрамасынан Қазақстан қоржынына жалғыз күмім медаль сыйлаған Нұрбек Оралбай да қарсыласын нокаудпен ұтқанын жазған болатынбыз.