АСТАНА. ҚазАқпарат - Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан халықаралық «Странджа-2023» турнирінде 24 ақпанда қазақстандық екі боксшы жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық турнирде ел құрамасынан Оразбек Асылқұлов (57 келі) өзбекстандық Абдумалик Халоковпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшының басымдығы байқалып тұрды. Нәтижесінде ол қарсыласынан төрешілер шешімімен 4:1 есебімен басым түсті.
Ал Нұрқанат Райыс (75 келі) өзбекстандық тағы бір боксшы Алохон Абдуллаевпен шеберлік байқасты. Ол қарсыласын екі мәрте нокдаунға жіберді. Төрешілер шешімімен жеңіс Нұрқанатқа берілді.
Қазақстандық екі боксшы да енді кем дегенде қола медальге ие болады.
Мамандар арасында кіші әлем чемпионаты ретінде бағаланатын турнирде енді Бекзад Нұрдәулетов (80 келі) өзбекстандық Джасурбек Юлдошевпен шаршы алаңға шығады. Ол бұдан бұрын сербиялық Артем Агеевті тізе бүктірді.
Аталған турнирге ел құрамасынан барлығы 13 боксшы барған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.