НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Болгария астанасы Софияда бокстан Странджа кубогы мәресіне жетеді. Онда қазақстандық төрт былғары қолғап шебері шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Күндізгі сессияда Махмуд Сабырхан (54 келі) болгариялық Ясен Радевпен қолғап түйістіреді. Аталған сессияның жекпе-жектерінің басталуы елорда уақытымен 18:00-ге белгіленген.
Ал кешкі сессия 22:00-де басталады. Онда Дулат Бекбауов (67 келі) Дания елінің өкілі Николай Тертерянмен кездессе, Сағындық Тоғамбай (86 келі) украиндық Сергей Горсковпен бәсекеге түседі. Ал, Валентина Хальзова (70 келі) ресейлік Галина Головченкомен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, финалдық ойындардың алғашқы күнінде ел құрамасынан Назым Қызайбай ғана чемпиондық тұғырға көтерілді.
Айта кетсек, финалға барлығы қазақстандық сегіз боксшы жолдама алған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.