Странджа турнирінде қазақстандық екі боксшы жекпе-жекке шықпайды
АСТАНА. KAZINFORM - Болгария астанасы София қаласында болып жатқан Странджа халықаралық турнирінің үшінші жарыс күні, 25 ақпанда қазақстандық боксшылардың екі жекпе-жегі өткізілмейді.
Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясы мәлім етті.
Ел құрамасынан Аружан Жаңабаева (65 келі) жарақатына байланысты Навбахор Хамидовамен (Өзбекстан) шаршы алаңға шықпайды.
Сондай-ақ Даниал Сапарбай (90 келіден жоғары) жекпе-жектен бас тартуына байланысты Нұрлан Сапарбай автоматты түрде ширек финалға шықты.
Енді ел құрамасынан кешкі сессияда Лаура Есенкелді АҚШ өкілі Мэри-Энджелис Росендомен кездеседі.
Қазақстандық былғары қолғап шеберлері арасынан күндізгі сессияда әйелдер арасында 57 келіде Ұлжан Сәрсенбек тағы бір отандасымыз Айдана Забынбекованы, Азия чемпионы Римма Волосенко (60 келі) АҚШ өкілі Алиша Крокетті 5:0, 60 келіде Виктория Графеева түркиялық Гизем Озерді 4:1 есебімен жеңді.
Ал Жазира Орақбаева 1/8 финалда 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Феруза Казаковаға 0:5 есебімен есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.
23 ақпан-2 наурыз аралығында өтетін турнирге 36 елден 300-ден астам боксшы келетіні нақтыланды. Олардың арасында Болгариядан бөлек Қазақстан, Өзбекстан, АҚШ, Куба, Әзербайжан, Бразилия, Украина, Моңғолия, Англия, Түрікменстан, Қытай Тайпей және өзге мемлекеттер бар.
Айта кетсек, Қазақстан Болгария астанасына 39 боксшыны аттандырды. Биыл Странджа кубогы 77-мәрте өткізіп жатыр. Бұл турнир Еуропа құрлығындағы тарихы терең спорттық жарыс саналады.