«Странджа» турниріне қай елдерден боксшылар қатысады

Фото: Сали Сабиров / ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM – Болгария астанасы София қаласында 23 ақпан-2 наурыз аралығында өтетін «Странджа» халықаралық турниріне қай елдерден боксшылар қатысатыны белгілі болды.

Дүбірлі додада еліміздің атынан ұлттық құрама сапында 39 отандасымыз шаршы алаңға шығады.

Турнирге 36 елден 300-ден астам боксшы келетіні нақтыланды. Олардың арасында Болгариядан бөлек Қазақстан, Өзбекстан, АҚШ, Куба, Әзербайжан, Бразилия, Украина, Моңғолия, Англия, Түркіменстан, Қытай Тайпейі және өзге мемлекеттер бар.

Ерлер құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов бұдан бұрын Испаниядағы «Boxam Elite-2026» және Болгариядағы «Странджа» турнирі мен алдағы екі оқу-жаттығу жиынының қорытындысы бойынша Моңғолияда өтетін Азия чемпионатының (28 наурыз-11 cәуір) тізімін жасақтайтынын атап өтті.

Қазірге дейін отандастарымыз турнирден 23 алтын, 34 күміс, 45 қола жүлде еншіледі. Онда Қазақстан құрамасы алғаш рет 1994 жылы бақ сынады. Онда 75 келіде Валерий Кузменцов күміс жүлде алған еді. 2005 жылы Серік Сәпиев (60 келі) еліміздің атынан алғашқы чемпион ретінде тіркелді. Ал әйелдер арасында Валентина Хальзова 2 мәрте жеңімпаз тұғырына көтерілсе, ерлер арасында Ертуған Зейнуллиновтің қатарынан екінші мәрте чемпион атануға мүмкіндігі бар.

Өткен жылы Қазақстан құрамасы өз тарихындағы ең үздік көрсеткішін тіркеді. Олар 6 алтын медальмен жалпы есепте бірінші орын алды.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Странджа» халықаралық турниріне баратын қазақстандық боксшылар анықталды.