Странджа-2025: Төрехан Сабырхан грузиялық қарсыласын 5:0 есебімен жеңді
АСТАНА. KAZINFORM – Болгария астанасында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа кубогінің» төртінші жарыс күнінде 11-ші боксшымыз жартылай финалға шықты.
67 келі салмақта өнер көрсетіп жатқан қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан ширек финалда грузиндық Лаша Гагнидземен жұдырықтасты. Ересектер арасындағы додаға жақында қосылған отандасымыз өзін қарсыласынан бәсі биік екенін толықтай дәлелдеді. Ол аса тартысты өткен бәсекеде қарсыласын 5:0 есебімен жарыс жолынан тайдырып, жартылай финалға жолдама алды.
Айта кетсек, ұлттық құрамадағы Төрехан Сабырхан мен Махмұд Сабырхан ағайынды боксшылар.
Өкінішке қарай, бүгін Махмұдқа дәрігерлер 3 наурызға дейін жарыстарға қатысуға болмайтынын айтты. Оған басты себеп – тағамнан улану. Бұл туралы осыған дейін жазған болатынбыз.