Страсбург - Еуропа Рождествосының астанасы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәрі құрлық Рождестово мерекесінің дайындығына білек сыбана кірісті, деп жазады «Хабар 24».

Алдыңғы жылдармен салыстырғанда биыл қауіпсіздік шаралары айтарлықтай күшейтілген. Әсіресе, мерекелік жәрмеңкелер мен орталық алаңдар қатаң бақылауға алынған.

Страсбург Еуропа Рождествосының астанасы саналады. Өйткені, мұндағы мерекелік жәрмеңкенің 5 ғасырға жуық тарихы бар. Ал, мейрам қарсаңында қалаға арнайы келетін саяхатшылар саны 2 миллионнан асады. Олар ғажайып ертегілер әлеміне еніп, өзін сол жердің кейіпкері сезінгісі келеді.

«Қала өте әдемі! Біз мұнда Сиднейден келдік. Қала біз ойлағаннан да тамаша болып шықты. Ғажайыптар әлеміне бұрын сенбеуші едім. Қазір көзқарасым өзгерді. Тек өзім ғана емес, отбасыммен бірге келдік», - дейді австралиялық саяхатшы Джорди Фикарелли.

Берлиндегі қайғылы оқиғадан кейін шаһарда қауіпсіздік шаралары айтарлықтай күшейтілген. Әсіресе, халық көп жиналатын мерекелік жәрмеңкелер қатаң бақылауда.

«Бұның алдында Нюрнбергте болғанбыз. Ал, Страсбург одан да әдемі екен. Бәрі көңілімізден шығып жатыр. Әсіресе, жергілікті тұрғындар мен жан-жақтан жиналған қонақтар бір-біріне құрмет көрсетіп, мереке алдында керемет көңіл-күй сыйлайды», - дейді украиналық саяхатшы Вероника Мащенко.

Күшейтілген тәртіп бұқараның зәресін ала қойған жоқ. Керісінше, мерекелік көңіл-күй орнап, халық бір-біріне сыйлық алып мәре-сәре.