«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеу институты ҚР Президент сайлауы кезінде экзит-пол өткізеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеу институты «КТК» арнасымен біріге отырып, ҚР Президент сайлауы кезінде экзит-пол өткізеді. 20 наурыз күні Алматыда өткен брифинг барысында орталық директоры Гүлмира Илеуова елдегі 20 мыңға жуық сайлаушыдан сұрақ-жауап алынатынын жеткізді.

«Стратегия» орталығының сұхбаттасушылары республика бойынша ұйымдастырылатын 200 сайлау учаскесінде дауыс беріп шыққан азаматтардан сауалнама алатын болады. КТК арнасының тілшілері сауалнаманы онлайн режімде көрсетпек. «Дауыс беруден кейін шұғыл сауалнама жүргізу елдегі саяси мәдениет пен демократияны дамытуға септігін тигізеді. Шара қоғамның сайлауға деген қызығушылығын арттырып, белсенді азаматтық позициясын қалыптастыруға көмектеседі», - деді «Коммерциялық телеканал» АҚ бас директоры Қанат Сахариянов.

Оның айтуынша, осы тектес әлеуметтік сауалнамалар халықаралық тәжірибеде белсенді қолданылып келеді. Сайлау учаскесінен жедел ақпарат жеткізетін сауланаманы ірі медиа-холднигтер арнайы тапсырыс беріп жасатады. Өйткені, экзит-пол сайлаудың қаншалықты әділ әрі ашық өткенін көрсетеді.

«Сауалнама анонимді түрде жүргізіледі. Респондент кімге әрі не үшін дауыс бергенін жеткізіп, анкета толтырады. Сондай-ақ, сайлауалды кезеңде қоғамдық саяси ахуалдың мониторингі жүргізіледі. Бұл мақсатта республикалық және халықаралық БАҚ-тағы жарияланымдардың контент анализі мен сарапшылардан сауалнама алынады», - деді Г.Илеуова.