Стратегиялық маңызды жобалар Ұлттық қордан қаржыландырылады – Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор қаражатын ұрпаққа қажетті заманауи, сапалы инфрақұрылымды дамытуға жұмсау жөнінде айтты.

Фото: Kazinform

– Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ұзақмерзімді пайдасы бар стратегиялық маңызды жобаларды қаржыландыру, соның ішінде Ұлттық қордан қаржы бөлу жоспарланып отыр. Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады, – деді ол.

Сонымен бірге, Президенттің сөзінше, кез келген қордың, әсіресе, Ұлттық қордың тиімділігі, ең алдымен, келер ұрпақтың игілігі жолындағы зор табысқа, нақты нәтижеге қол жеткізумен өлшенеді.

– Ұлттық қордың пайдасын балаларымыз көріп отыр. Олардың есепшотына қомақты қаражат аударылып жатыр. Келешекте өскелең ұрпаққа қызмет ететін заманауи, сапалы инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Басқаша айтқанда, еліміздің алдағы ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы дамуына берік негіз қаланады. Мемлекетіміздің іргесі де осы игі істердің арқасында беки түседі. Бұл мәселеге Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда кеңірек тоқталамын, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін партиялардың билік жүйесіндегі ықпалы да күшейе түсетіні жөніндегі Президент мәлімдемесін жариялағанбыз.