Стратегиялық міндеттер Парламентке мемлекеттік бағдарламаларды бақылауды күшейтуді талап етеді - Пішембаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары - Нұрлан Әбдіров пен Мейрам Пішембаев Қарағанды қаласындағы құю-машина жасау зауытының жұмысшыларымен кездесті.

Мәжілісмендер Елбасының Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын және мемлекеттік билік тармақтарының арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуін жұмысшыларға таратып айтып берді, деп хабарлайды төменгі палатаның баспасөз қызметі.

«Мемлекет басшысының халыққа Жолдаулары мемлекетімізді, құндылықтарымызды, басымдықтарымыз бен ортақ мақсаттарымызды айқындайды. Еліміздің басты мақсаты - Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру. Осы мақсатқа жету үшін бізде адами әлеуеті де, өңірлерді, салаларды дамытудың нақты бағдарламалары да бар. Биылғы Жолдауда Қазақстан экономикасын озық технологиялармен жетілдіруге, жаңартуге, инновациялық салада күшті серпін беруге басты назар аударылған», - деді Нұрлан Әбдіров.

Депутаттар индустриаландыру, инфрақұрылымды дамыту, бизнесті, агрокәсіптік кешенді, білім, денсаулық сақтау салаларын қолдау шаралары туралы айтты.

Қазақстанның өз дамуының жетістіктері туралы айтқанда, депутаттар еліміздің басты жетістіктері, мемлекеттік мақсаттарды орындаудағы мемлекеттік басқару жүйесінің ролі туралы атап өтті. «Тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жыл ішінде Президенттік мықты биліктің арқасында атқарушы және өкілетті тармақтардың нақты жұмысы қалыптастырылды, экономиканың өсуі қамтамасыз етілді. Ал қазір, жаңа заман, жаңа стратегиялық міндеттер мен мемлекеттің жаңа даму кезеңі. Осының барлығы қоғамды одан әрі демократияландыруды, яғни Парламент тарапынан мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейтуді, атқару органдарының жауапкершілігін жоғарлатуды талап етеді», - деді Мейрам Пішембаев.

Кәсіпорын жұмысшылары да Президенттің Жолдауы мен мемлекеттік билік тармақтарының арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуінде қойылған міндеттер мен реформалар туралы өз ойларын жеткізді: «Парламенттің бақылау функцияларын күшейту - бұл өте керек нәрсе деп ойлаймын. Мемлекет барлық салаларды дамыту үшін көп қаражат бөліп жатыр. Осы қаражаттың қалай және қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанын депутаттар білуі қажет. Олар Президент тапсырмаларының орындалу сапасына ықпал етулері қажет», - деді кәсіпорынның бесінші санатты фрезеровщигі - Денис Попов.