«Стратегиялық нысандардың қауіпсіздігі басты назарда» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 9-ы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 9-ы, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің мәжілісі өтіп, онда еліміздегі стратегиялық нысандардың қау­іпсіздігі мен өмірлік қамтамасыз ету нысандарының жағдайы мәселелері қаралды. Осы жайтты қаузаған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Стратегиялық нысандардың қауіпсіздігі басты назарда» деген тақырыппен жарияланды. «Қазақстан Республика­сы­ның Президенті Н.Ә.Назарба­­­ев, тал­қылауды қорыта келе, мемлекет қорларға, холдинг­тер мен даму инс­титуттарына өте үлкен қар­жы бөлгенін, сон­дықтан осы ұй­ымдардың қыз­метінің тиімді­лі­гіне мони­то­ринг жүргізуді және бақы­лау жасауды қамтамасыз ету қа­жеттігін ерекше атап көрсетті. Аталған мәселені талқы­лау­дың қорытындысы бойын­ша Мемлекет басшысы Үкі­мет­ке, сот, құқық қорғау және өзге мүдделі мемлекеттік ор­ган­дарға алдыға қойылған мін­деттерді іске асыру жө­нін­­дегі қажетті шараларды жүзеге асыруды тапсырды», деп жазады басылым.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Республикасы Ұлы Халықтық Жиналысының (Парламенті) Төра­ғасы Мехмет Али Шахинді қабылдады. Әңгімелесу барысында эко­но­­ми­ка, сауда, саяси өзара іс-қи­­мыл, сондай-ақ парла­мент­­­ара­лық бай­ла­ныстарды нығайту салаларындағы екіжақты ынты­мақ­тастықтың кең ауқымды мә­селелері талқыланды. Жоғары деңгейлі кездесу жайында басылымның бүгінгі нөміріндегі «Елбасының рөлі аталды» деген мақаладан біле аласыздар.

***

Біздің қоғамда «теңін тапса, тегін бер» деп, кейде жас жұбайлардың жарастығы үшін қыз баланы жат жұртқа қалың малсыз беру дәстүрі қалыптасқаны белгілі. Қыз баланың құнын үйір-үйір жылқымен пара-пар санап, ежелгі салтты ұстану да бар. Дегенмен қалың мал беру салтының әр аймақта әралуан екені, оны ұстануға келгенде жұрттың жікке бөлініп жататыны тағы бар. Заман ағымы мен адамдардың көзқарасы салттың өзінің бұрмалануына, оны әркімнің әрқалай қабылдауына әкеліп соқты. Азаматтарымыздың өмірінде елеулі орын алатын, әр отбасының негізін қалауға септігі тиетін салттың еліміздің барлық аймағы, барлық тұрғыны үшін бірізді болуы қажет пе? Бұл сауалдың жауабына қаныққыңыз келсе, «Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Ой-көкпар» айдарындағы мамандар пікіріне назар салыңыз.

«Қызылжардан сәби күлкісі сирек естіледі». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінің сенбілік нөмірінде жарық көрген мақалада Қызылжарда бала туу көрсеткішін көтеру мақсатында «Ұрпақтар қоры» атты бағдарлама жүзеге асырылып жатқандығы әрі қыркүйектің 1-інен бастап облыста төртінші сәбиі дүниеге келген 26 отбасының 109 баласына депозит ашылып, әрқайсысының есепшотына 226 мың теңгеден ақша салынғандығы баяндалады. Басылымның жазуынша, бұл жағымды жаңалықты ата-аналармен кездескен облыс әкімі Серік Біләлов мәлімдеген.

***

«Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев жұрт назарын аударар деректер барын жария етті. Өксікбаевтың жауынгерлері күн-түн жорта жүріп, біраз жерге ревизиялық сапармен барып қайтыпты. Басты нысана - ревизиялық комиссиялар болған. Дәлірек айтсақ, Алматы, ШҚО, Қостанай, Маңғыстау және Павлодар облыстарындағы мәслихаттардың ревизиялық комиссияларының Елбасы бекіткен мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын қаншалықты сақтап отырғандығы тексерілген. Нәтижесінде, көптеген тосын жайттар анықталыпты. Бас шайқатар деректер Өксікбаев ведомствосының, жергілікті бюджеттердің атқарылуын сыртқы бақылау жүйесінің тиімділігі мәселелеріне арналған кеңейтілген жиынында жария етілді», деп жазады «Айқын» газеті. Мақаланың байыбына барғыңыз келсе, басылымның сенбілік санындағы «Ревкомиссиядағы ретсіздіктер. Есеп комиеті елді елең еткізер мәлімет жариялады» деген тақырыпқа назар салыңыз.

Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлымен арада өрбіген. Басылым тілшісінің барлық саулдарына тұщымды жауап берген ол: «Ең өткір мәселе - біздің екіжүзділігіміз. Баланың - әкенің, әкенің -баланың алдындағы, қыздың - шешенің, шешенің - қыздың алдындағы екіжүзділігі. Шаңырақты басқарып отырған адамның өзінің шындығы жоқ. Уақытша өмірдің ләззатына, уақытша табысқа алданатын ұлтқа айналып барамыз», депті. Екеуара әңгіменің толық нұсқасын «Үзеңгі жолдас» арқылы халыққа қатты танылдым» деген тақырыптан оқи аласыздар.

***

«Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров Варшава қаласында өткен гуманитарлық өлшем саласындағы ЕҚЫҰ Шолу конференциясына қатысты және «Ұлттық құқық қорғау институттары мен адам құқықтарын қорғауда азаматтық қоғамның ролі» атты баяндамасымен сөз сөйледі», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, қазақстандық омбудсмен өзінің сөз сөйлеуінде құқық қорғау қызметінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз және тиімді өзара әрекеттесу қажеттілігін қамтитын осы мәселедегі өз пікірімен бөліскен. Сондай-ақ конференцияның қатысушылары Қазақстанда осы үрдістің және ұлттық қорғау институтының медиаторы ретінде ондағы рөлінің дамуы барысымен танысқан.