Стратегиялық зерттеулер институты Орталық Азиядағы 2016 жылғы ең маңызды 10 оқиғаны таныстырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты Орталық Азия елдері үшін 2016 жылға болжанып отырған ең маңызды 10 оқиғаны таныстырды. Институт сарапшыларының пікірінше, олардың барлығы Орталық Азиядағы саяси және экономикалық даму, тұрақтылық пен қауіпсіздік тұрғысында ерекше маңызға ие.

«Тәжірибе жүзінде көптеген экономикалық құрылымдарда қаңтардың бірінші жартысында өздерінің айналысып отырған бағыттары бойынша тиісті  болжамдарын немесе шолуын жариялайтын дәстүрі бар. Дәстүрді ұстана отырып, біз де өзіміздің шолуды ұсынуды жөн көрдік»,-деді ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин  «Орталық Азия 2016: трендтер және сын-қатерлер» атты дөңгелек үстелде.

Оның сөзіне қарағанда, осындай шолулардың басты мағынасы мен мақсаты сарапшылық қауымдастық назарын биылғы басты тақырыптарға аудартуға негізделген.

Сарапшылардың айтуынша, 2016 жылдағы басты оқиғалардың қатарына әлемдік нарықтар конъюнктурасының нашарлауы және Орталық Азия елдерінде экономикалық өсім қарқынының баяулауы еніп отыр.

Екіншісі - еуразиялық кеңістікте экономикалық өзара  іс-қимылдың жаңа жолдарын іздестіру, үшіншісі - Орталық Азияда Қытайдың инвестициялық қатысуын кеңейту, төртіншісі - өңірлік қауіпсіздік күнтәртібінде ауған факторын өзектендіру, бесіншісі - сириялық қақтығыс тұрғысында лаңкестік қатердің артуы, алтыншы - өңірлік қауіпсіздік саласында Орталық Азия елдерінің күш-жігерін жандандыру, жетіншісі - Орталық Азия елдерінің кезекті электоральдық науқанға аяқ басуы, сегізіншісі - өңірлік көліктік және энергетикалық жобалардың дамуындағы жаңа кезең, тоғызыншысы - Иранның өңірлік үдерістерге қайта оралуы, сондай-ақ оныншысы - 2017 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанды сайлау мәселесі бойынша дауыс беру қамтылып отыр.