Street workout KZ: Бақтияр Артаев эстафетаны кімге жолдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев Street Workout бойынша эстафетаны қабыл алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осындай спорттық шараға бастамашылық жасаған Мәдениет және спорт министріне ризашылығымды білдіремін. Спорт - бұл ұлт саулығы. Ал ұлт саулығы бәсекеге қабілеттілікті білдіреді. Спортпен айналысатын көп елдің экономикасы да мықты болады. Сондықтан барлығымызды мықты болу үшін спортпен айналысуға шақырамын», -деді Бақтияр Артаев елорданың үшсайыс саябағында белтемірге тартылып, эстафетаны қабылдағаннан кейін.

Даңқты боксшы эстафетаны «Жігіттер» тобының әншісі Бағлан Әбдірайымовқа берді.

«Жаңбырлы ауа райына қарамастан мұндай шараны жалғастыруымыз жастарға үлгі болар деп ойлаймын. Тіпті, қар жауып тұрса да спортпен айналысар едік. Ал эстафетаны досым Бағлан Әбдірайымқовқа беремін», - деді ол.

Шараға таэквондодан Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Арман Шілманов пен бокстан Азия ойындарының чемпионы Ілияс Сүлейменов те қатысты.

Еске сала кетсек, «Street Workout KZ» акциясын күні кеше ғана ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастап берген болатын.

Арыстанбек Мұхамедиұлы жобаны өзі бастап, «Street Workout KZ» байқауын - Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке, танымал әнші Қайрат Нұртасқа, танымал қазақстандық актер Әділ Ахметовке жолдаған еді. Жобаның негізгі сыйлығы - конкурстың жеңімпазы атанған аймақ Street Workout-пен айналысу үшін жаңа алаңға ие болады. Ол үшін байқаудың шарттарын орындау қажет. Шарттары да өте қарапайым, қазақстандықтар жаттығу барысындағы видеоларын желіде бөліссе жеткілікті. Байқау жайлы толығырақ Challenge Street Workout KZ веб-сайтынан білуге болады.

«Байқауға қатысып жүлделі болуға асығыңыз! Оны Street Workout-тың арнайы алаңында жасау міндетті емес, кез келген жерден өзіңіздің бейнелеріңізді түсіріп, өзіңізге ыңғайлы алаңнан бізге жолдаңыз! Бейнежазбаны телефон камерасына да түсіруге болады. Конкурс 10 маусымға дейін өткізіледі, 15 маусым күні қорытындысы жарияланады. Сонымен қатар, бейнетаспаны «Challenge Street Workout KZ» жобасының сайтында орналастыруға болады», - деді министрліктің баспасөз қызметінен.