Стрестік активтер туралы заң шетелдіктердің жер иеленуіне мүмкіндік бермейді - агенттік

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Стрестік активтер нарығын дамыту туралы заңның жаңашылдығы бойынша қазақстандық кәсіпкерлердің проблемалы несиесін шетелдіктер де сатып ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты

«Заңда стрестік активтерді авторизацияланған сатып алушылардың қолданыстағы тізімін жеке инвесторларды, оның ішінде бейрезиденттерді қосу арқылы кеңейту көзделеді. Бұл мемлекеттің қаражатын тартпай, банктердің балансын жұмыс істемейтін кредиттерден тазартудың нарықтық тетігін жасайды. Бұл ретте, бұған дейін банктер туралы заңның 36-1-бабына сәйкес авторизацияланған сатып алушылар тізіміне қаржы және мемлекеттік ұйымдар ғана, атап айтқанда: екінші деңгейдегі банктер, банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдары, проблемалық кредиттер қоры, коллекторлық агенттіктер және басқа да қаржы ұйымдары кірді. Бұл ретте жеке тұлғалардың кредитін инвесторларға сату көзделмеген», -деп түсіндірді агенттік төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ, ол проблемалы несиеге жер телімі кепіл ретінде қойылған болса, шетелдіктердің оны 2026 жылдың аяғына дейін сатып ала алмайтынын еске салды.

«Бізде Жер кодексінде 2026 жылға дейін ҚР резиденті емес тұлғаларға жер телімін сатуға, уақытша пайдалануға беруге уақытша мораторий жарияланған. Яғни, Стрестік активтер нарығын дамыту жөніндегі заңның қабылдануы шетелдіктерге жер телімін иеленуге мүмкіндік бермейді», - деді Олжас Қизатов.