Сценарийін әйел жазған фильмдер көп табыс әкеледі — зерттеу

АСТАНА. KAZINFORM — Майнц университетінің зерттеушісі Аня Хувилер соңғы 30 жылда түсірілген 200 мыңға жуық фильмнің деректерін талдап, осындай қорытындыға келген, деп хабарлайды DW .

Фото: szfocenter.com

Хувилердің есептеуінше, сценарийін жазуға кемінде бір әйел қатысқан, ал режиссері ер адам болған фильмдер ең жоғары табыс әкелген. Олардың медианалық табысы шамамен 35,9 млн доллар. Бұл сценарий авторлары да, режиссерлері де тек ер адамдар болған фильмдердің көрсеткішінен 34%-ға жоғары. Соңғыларының медианалық табысы шамамен 26,8 млн доллар болған.

Сонымен қатар киноиндустриядағы ең ірі бюджеттерді әлі де негізінен ер адамдар алады. Зерттеуге енген ең қымбат 44 фильмнің барлығын ер адамдар режиссерлік еткен. Оның 39-ында сценарий авторларының арасында да тек ер адамдар болған.

Зерттеу киноиндустриядағы гендерлік теңдік туралы көпжылдық пікірталастарға қарамастан, сценарист немесе режиссер сияқты негізгі рөлдердің кемінде бірін әйел атқаратын фильмдердің үлесі 1994 жылғы 21,5%-дан 2023 жылы небәрі 29,4%-ға өскенін көрсетті.

Хувилердің айтуынша, зерттеу мәселені тек гендерлік теңдік тұрғысынан емес, бизнес тұрғысынан да қарастырады.

— Студиялар мен инвесторлар үшін инвестициялық шешімдерінің өздері байқаған қаржылық нәтижелерге қаншалықты сәйкес келетіні маңызды. Зерттеу нәтижелерім кадрларды іріктеу, жобаларды мақұлдау және бюджеттерді бөлу кезінде қалыптасқан тәжірибелерді қайта қарауға негіз береді, — дейді зерттеуші.

Айта кетейік, британдық зерттеушілер соңғы онжылдықта Англияда жақын достары жоқ жастар саны бес есе өскенін мәлімдеді.