Студент iPhone 6-ны сатып алу үшін сөз байласқан қызын ақшаға жалға берген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Apple компаниясы жуырда таныстырған iPhone 6 смартфонын сатып алуға ақшасы жетпеген қытайлық студент сөз байласқан қызын жалға берген. «Клиенттерден» ол сағатына 10 юаньнан (300 теңге көлемінде), айына 500 юаньға (15 мың теңге) дейін алып отырған. Өз қызын жарнамалап жүрген фотосы қытайлық Weibo әлеуметтік желісіне кеңінен таралып кетті.

Ақша жинаудың ерекше тәсілін қолданған студенттің есімін атамай South China Morning Post жазды. Басылым жариялаған фотосуреттерінің бірінде жас жігіт қызмет құны жазылған плакатпен көрсетілген.

Екінші түсірілімде қыз көрініп тұр, алайда беті бүркемеленген. Тәуекелшіл қытайлық қыздың суретін өз ұсынысы қызықтырған адамдарға көрсеткен. Ал қыз оның ақша жинауы үшін бұл қадамға өз еркімен келіскен. Қыз туралы көп ештеңе жазылмаған.

Ақша төлеп, қызбен түскі ас ішуге, ойын ойнауға, кездесуге баруға болады. Студент интимға жол берілмейтінін айтқан. Ал қыз бен жігіт қашаннан бері кездесіп жүргендері жайында, сонымен бірге қанша ақша жиналғаны туралы айтылмаған.

Мұндай қызметтер Қытайда өзекті болуы әбден мүмкін. Өйткені елде нәзік жандыларға қарағанда ер адамдар өте көп. Миллиондаған ер адам үйлене алмауы мүмкін. Бұған «бір отбасы - бір бала» саясаты әсер еткен. Әр жанұяда бір ғана бала болуы керек деген талапты орындау кезінде әр шаңырақ тек ұл баланы дүниеге әкелген, көбі қыз болған жағдайда алдырып тастап отырған. Соның әсерінен елде ер адам саны артып, бойдақтар күрт көбейген.

Қытайда 11 қарашада Жалғыздық күні атап өтіледі.