«Студент көктемі - 2013» Астанада 1000-нан астам қатысушының басын қоспақ
«Студент көктемі» - бұл елордада ондаған шығармашылық жастарының басын қосатын үлкен мәдени іс-шара. Байқау бағдарламасына классика мен модерн, күрделі хореография, сазды вокал, түрлі музыкалық аспаптарда ойнау мен театрландырылған қойылымдар, тағы да басқа көрермендерді бей-жай қалдыра алмайтын іс-шаралар енгізілген», - деп хабарлайды astana.kz сайтына қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасынан.
Ертеңнен бастап елорданың 10 жоғары оқу орнының студенттері Астана қаласының үздік командасы Кубогын алу үшін бақ сынайды. Фестивальге 1000-нан астам қатысушы, 3000-ға тарта көрермен келеді деп болжанып отыр.
Басқарманың мәліметі бойынша, «Студент көктемі - 2013» бірнеше кезеңнен тұрады. Атап айтқанда: «Жаңа әнмен - жаңа Астана!» тақырыбындағы эстрада әндері байқауы; «Менің сәтті кезеңім» тақырыбында фотокөрме; «Астана - арман қала» театрландырылған қойылымы; халықтық және қазіргі заман билері байқауы; «Жайдарман» әзіл байқауы; «Жанкүйерлердің үздік командасы» аталымдары.
Барлық байқаулардың қорытындысы бойынша қазылар алқасы фестивальдің көшпелі Кубогына ие болатын жеңімпаз-команданы айқындайды. Сонымен қатар, 2-ші, 3-ші орындар мен жанкүйерлердің үздік командасы да марапатталады.
«Біз фестивальді екі ірі алаңда: С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің концерт залында және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде өткізуге шешім қабылдадық. 18 сәуір күні 14.00-де Қазақ агро университетінде бірінші фотокөрме мен эстрадалық әндер байқауы өтеді. Ал, 19 сәуірде 12.00-де ЕҰУ-дің концерт залында халықтық және қазіргі заман билері байқауы мен «Жайдарман» әзіл байқауы өтеді», - деді ұйымдастырушылар.