Студенттер арасында өтіп жатқан Әлем чемпионатының бірінші күні польшалық спортшылар топ жарды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда «Медеу» спорт кешенінде студенттер арасында өтіп жатқан Әлем чемпионатының алғашқы күні польшалық спортшылар топ жарды.

3 мың метрлік қашықтықта Катарина Возняк алдына жан салмады. Ол бұл қашықтықты 4:19:18 минутта басып өтті. Екінші орын белоруссиялық спортшы Марина Зуеваның еншісіне тиді. Оның көрсеткіші - 4:20:74 минут. Ал ресейлік Елена Сохрякова 4:21:64 минутпен үшінші орынды иемденді.

Ерлер арасында командалық өкшелей қуалау жарысында да польшалық спортшылардың мерейі үстем болды. Олар 3:56:82 минутпен бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орында итальялықтар. Олардың көрсеткіші: 3:57:65 минут. Ал үшінші орынға норвегиялық спортшылар көтерілді. Олар польшалық бәсекелестерінен 4,89 минутқа қалып қойды.

Сондай-ақ, польшалық Ян Сзиманский 1500 метрлік қашықтықты 1:47:32 минутта басып өтіп, жеңіске жетті. Екінші орында ресейлік Дмитрий Федотов. Оның көрсеткіші 1:50:73 минут. Ал итальялық Мирко Джакомонензи 1:51:38 минуттық нәтижемен үшінші орынды еншіледі.

Айта кетелік, Чемпионаттың ашылу салтанаты мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі бүгін кешкі сағат 18:00-де болады. Салтанатты шара концерттік шоу-бағдарламаға ұласады.