Қазақстан тарихы мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмір жолына арналған зияткерлік олимпиадаға ҚазМемҚызПУ-дың «Зерде», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Алаш», Тұран университетінің «Жас Тұран», Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дің «Жас экономист», АТУ-дың «Технолог» командалары қатысты.
Зияткерлік олимпиада 5 айналымнан тұрды. Әр топ өздерін таныстырып өткен соң тарихи жұмбақ сандардың сырын ашып, ұпай сандарын толықтырып алған соң, тарихшы мамандардың бейне сұрақтарына жауап берді, «алтын қақпаға» бет алды. «Алтын қақпа» айналымында әр топқа кезек-кезегімен 3 сұрақ қойылып, дұрыс жауабына қарай «қола қақпа», күміс қақпалар ашылып, алтын қақпаның сұрағы ағылшын тілінде қойылды. Ал ең соңғы айналымда барлық қатысушы топқа ортақ сауал қойылды. Ұлы Абай ақынның «45 қара сөзі» жинағы қорапқа салынып, ол қатысушыларға толық сипатталып, жасырылды. Қазақ халқының өмірі, тұрмысы жайында тарау-тарауға бөлініп жазылған прозалық шығарманы сайыскерлер әп-сәтте дәл тауып, дұрыс жауаптарын берді.
Олимпиаданың осындай талаптары туралы Қыздар университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі А.Қайыпбаева: «Бүгінгі сайыстың басты ерекшелігі - жоғары оқу орындарының 1 курс студенттері және қатысушылардың барлығы әртүрлі мамандық бойынша білім алушылар, яғни болашақ тарихшылар емес. Сонымен қатар ағылшын тілінде сұрақ қойылып, сол тілде жауап беру керектігі де сайыс шарттарына еніп отыр. Еліміздің үштұғырлы тіл саясатының негізінде сайыскерлердің ағылшын тілін меңгеру деңгейін тексере аламыз», - деді.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша 3-орынды АТУ-дың «Технолог» командасы, 2-орынды «Жас Тұран» командасы алды. Ал бірінші орынды «Зерде» тобының зерделі қыздары иеленді. Барлық топқа және олардың жетекшілеріне алғыс хаттар мен арнайы дипломдар, сый-сияпаттар табыс етілді.