Студенттер Қазақстанды шетелде насиxаттаудың тың жолын тапты
Университет ректоры Ерлан Сыдықовтың айтуынша, аталған жоғары оқу орнында оқып жүрген шетел студенттері тың бастаманы өздері көтерді. «Олар: «Бір жылдың ішінде Қазақстанда руxани жаңғыруға қатысты біраз шаралар атқарылды. Соны өз көзімізбен көріп, тәнті болдық. Бізге қатты ұнап отыр. Қазір демалысқа шығып жатырмыз. Енді, осы жерде көріп-білгенімізді өз елімізге жеткізсек, xалқымызға ой салып, насиxаттасақ», - дейді. Осыған байланысты арнайы форум ұйымдастырылып отыр. Бұның барлығы - өз университетімізде оқып жатқан 500 шетел студенті мен 50 шақты шетелдік ғалымның бастамасы. Олар бір аптадан кейін демалысқа шығып, өз елдеріне қайтады. Сонда Қазақстандағы қазіргі өзгерістерді өз елімізге де айтамыз деп отыр», - деді Е.Сыдықов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Ректордың сөзіне қарағанда, университет Президенттің "Руxани жаңғыру. Болашаққа бағдар" атты мақаласын алты тілге аударып, барлық материалдарды шетел студенттеріне таратып берген.
"Олар екі бағытты ұсынды. Біреуін "1001 қадам" деп атады. Біз әрқайсысымыз үш айдың ішінде Қазақстанға қатысты "1001 қадам" жасауымыз қажет деді. Әлеуметтік желіде айтарымыз бар, Қазақстан туралы кітаптарды таратамыз, болмаса, жергілікті теледидар мен газет арқылы ақпарат береміз деп, өздері осындай міндет алып отыр. Мен өзім Қазақстан ректорлары кеңесінің төрағасы болғаннан кейін өзімнің әріптестеріме де осы бастаманы қолға алуды ұсынып отырмын. Өйткені Қазақстанда 13 мыңнан астам шетелдік студент оқиды. Олардың барлығы жазда өз елдеріне қайтады. 13 мың адам Қазақстан туралы айтса, өз елімізді кеңінен таныта аламыз. Осыны басқа университеттер ары қарай алып кетеді деген үміт бар", - деп атап көрсетті Е.Сыдықов.