Политехникалық колледж студенттері жалпы ауданы 200 шаршы метр болатын жылыжайды қолда бар заттардан салған. Нысан құрылысына 100-ден аса ескі терезе мен 10-ға жуық жылу батареясы жұмсалды.
Жастардың бастамасына қолдау білдірген оқу орнының басшылығы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, электр желілерін тартуға, тұқым алуға көмектескен.
«Жылыжай құрылысын өткен күзде бастаған едік. Әрине, бастапқы кезде қиын болғаны рас. Іргесі қаланған соң жұмыс қыза түсті. Ақпан айында алғашқы өнімді алдық. Бүгінде колледжіміздің студенттерін жергілікті көкөністермен қамтамасыз етіп отырмыз», - дейді ІІІ курс студенті Мақсат Үмбетов.
Жылыжайдан жыл он екі ай бойы өнім алынады. Онда қияр, қызанақ, пияз, шалғам сияқты көкөністің бірнеше түрі бар. Осы ай – қиярдың пісіп жетілетін уақыты.