Чемпионаттың финалында қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттік командалары ерекше белсенділік танытып, өздерінің IT және инженерлік әзірлемелерін ұсынды. Жас мамандар техникалық даярлық деңгейін көрсетіп қана қоймай, алған білімдерін практикалық міндеттерді шешуде қолдану қабілеттерін де танытуға мүмкіндік алды.
Биыл чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам команда қатысуға өтінім берген. Іріктеу қорытындысы бойынша финалға ең мықты 20 команда жолдама алып, өз әзірлемелерін таныстырып, әскери полигон аумағында практикалық сынақтардан өтті.
Студенттік командалар робототехника, ұшқышсыз ұшу аппараттары, автономды жерүсті платформалары, бағдарламалау, цифрлық технологиялар және киберқауіпсіздік бағыттарындағы әзірлемелерін көрсетті. Ұсынылған шешімдердің қатарында мобильді роботтандырылған платформалар, қауіпті аймақтардан адамдарды эвакуациялауға арналған технологиялар, түрлі мақсаттағы ұшқышсыз ұшу аппараттары және басқа да инженерлік жобалар бар.
SHAIQAS 2026 чемпионатының маңызды ерекшеліктерінің бірі – студенттерге өз әзірлемелерін зертханалар мен оқу полигондарынан тыс, практикалық қолдануға барынша жақын жағдайларда сынақтан өткізуге мүмкіндік берілуі. Қатысушылар әуе және жерүсті ұшқышсыз жүйелер, киберқауіпсіздік және тактикалық даярлық бағыттары бойынша бақ сынап, өз шешімдерінің сенімділігін, функционалдығы мен тиімділігін тексерді.
Студенттер үшін чемпионатқа қатысу әзірлеу мен бағдарламалаудан бастап дайын шешімді нақты жағдайларда сынауға дейінгі практикалық инженерлік жұмыстың толық циклінен өтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар командалар әскери, өнеркәсіптік және технологиялық сектор өкілдерімен өзара тәжірибе алмасып, кәсіби пікір алып, жобаларын одан әрі дамыту перспективаларын бағалай алды.
SHAIQAS 2026 студенттердің идеяларын прототип пен бағдарламалық шешімнен бастап, нақты жағдайларға барынша жақын ортада сынақтан өткізуге дейін практикада тексеруге мүмкіндік берген бірегей алаңға айналды. Мұндай формат жастардың инженерлік ойлау қабілетін, кәсіпкерлік көзқарасын және технологиялық құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ жоғары оқу орындары, мемлекет, қорғаныс саласы мен индустрия арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Айта кетелік Қазақстанда алғашқы әскери-инженерлік чемпионат өтіп жатқаны туралы жазған едік.