Студенттер сусыз жұмыс істейтін кіржуғыш машина ойлап шығарды

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Аргентинаның екі студенті сусыз жұмыс істейтін кіржуғыш машина ойлап тапты. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлап отыр.

Кордова ұлттық университетінің студенттері Николас Арайя мен Николас Вуксановик бұл өнертабыстарын дипломдық жұмыс ретінде таныстырды.

Арайя мен Вуксановик осы әрекеттері арқылы қазіргі кезде басты проблемалардың біріне айналған тұщы судың тапшылығын шешуге өз үлестерін қоспақ ниетте. Осы мақсат жетегінде олар жаңа кіржуғыш машинаны құрастыруға кіріскен екен. Аздап болса да бәрібір су қолданатын басқа құрғақ тазалау машиналарынан айырмашылығы, «Нимбус» деп ат қойылған бұл машина мүлдем су пайдаланбайды. Оған тек табиғи көмірқышқыл газы мен патенттелген экологиялық таза кір жуу құралы қажет. Сонымен қатар, ол электр қуатын да кәдімгі кіржуғыш машинадан гөрі анағұрлым аз жұмсайды. Осылай жуылған киімді кептірудің де, үтіктеудің де қажеті жоқ.

Өнертабыстары үшін өнеркәсіптік дизайн саласындағы екі жас маман ең жоғары деген бағаға лайық деп танылды. Олар өздерінің жаңа кіржуғыш машиналарын патенттеп алды.