Студенттердің мемлекеттік стипендиясын төлеудің жаңа тәртібі бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 31 шілдеде Үкімет мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу және олардың мөлшеріне қатысты қағидаларға өзгерістер енгізді.

Фото: pexels

Жаңа тәртіпке сәйкес, мемлекеттік стипендия төлеу барысында оператор мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары «Жоғары білімнің бірыңғай платформасы» цифрлық жүйесі арқылы жұмыс істейді.

Жоғары оқу орындары операторға білім алушылар туралы мәліметтерді, аралық аттестаттау (емтихан сессиясы) нәтижелерін, стипендия алушының санатын және екінші деңгейлі банктегі немесе Ұлттық пошта операторы арқылы ашылған ағымдағы шотының деректерін әр айдың 12-сінен кешіктірмей жіберуі тиіс.

Егер айдың 12-сі демалыс күніне сәйкес келсе, құжат тапсыру мерзімі одан кейінгі алғашқы жұмыс күніне ауыстырылады.

Оператор жоғары оқу орындарынан келіп түскен мәліметтерді бес жұмыс күні ішінде қарап, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органға және тиісті саланың өзге де уәкілетті органдарына қаржыландыруға өтінім жібереді.

Өз кезегінде, уәкілетті органдар өтінім түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде стипендия алушылардың талаптарға сәйкестігін тексеріп, төлем жасау үшін қаражатты операторға аударады.

«Жоғары білімнің бірыңғай платформасы» енгізілетін мәліметтердің дұрыстығы мен толықтығына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жауап береді.

Егер оқу орнының қате мәлімет ұсынуы салдарынан мемлекеттік стипендия артық немесе негізсіз аударылса, оқу орны стипендия алушының артық төленген қаражатты операторға қайтаруын қамтамасыз етуге міндетті.

Сонымен қатар «Жоғары білімнің бірыңғай платформасы» үздіксіз жұмыс істеуі мен ондағы стипендия алушылар туралы деректердің сақталуына ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган жауапты болады.

Мемлекеттік стипендия төлеуге қажетті қаражаттың операторға уақтылы аударылуын ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган мен тиісті салалардың өзге де уәкілетті органдары қамтамасыз етеді. Ал стипендия қаражатын білім алушылардың банктік шотына уақытылы аудару және төлемдерді жүзеге асыру міндеті операторға жүктелген.

Бұдан бөлек, қаулыда ай сайынғы мемлекеттік стипендия мөлшерлері де жаңартылды.

Қаулыда 2024 жылғы 1 қыркүйектен және 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап белгіленген мемлекеттік стипендия мөлшерлері көрсетілген:

— жұмысшы біліктілігі бойынша техникалық және кәсіптік білім алатын студенттердің мемлекеттік стипендиясы — 43 574 теңге, ал орта буын мамандарын даярлайтын техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттеріне — 41 896 теңге;
— жоғары оқу орындарының педагогикалық емес және «Денсаулық сақтау» бағытына жатпайтын мамандықтарында оқитын студенттер 52 372 теңге;
— педагогикалық және «Денсаулық сақтау» бағытындағы студенттердің ай сайынғы мемлекеттік стипендиясы 84 мың теңге;
— интерндерге 94 862 теңге;
— магистранттардың мемлекеттік стипендиясы 117 098 теңгеге дейін өседі. Ал «Назарбаев Университетінде» білім алып жатқан магистранттар ай сайын 218 750 теңге;
— «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын резидент-дәрігерлер мен магистранттарға 134 664 теңге, ал докторанттарға, оның ішінде осы бағыттағы PhD докторанттарына 262 500 теңге;
-жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінде оқитын тыңдаушыларға студенттердің мемлекеттік стипендиясының 85 пайызы көлемінде, яғни 40 065 тенге/44 516 теңге беріледі.

Қаулы 2026 жылғы 15 тамыздан бастап күшіне енеді.

Еске салайық, бұған дейін мектептердегі каникул мен емтихан кестесі бекітілгені хабарланған еді.