Студенттердің жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Жатақхана бойынша мәселе Алматы қаласында бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

Фото: ҚР ҒЖБМ

- 2024 жылдан бастап жатақханадан орын беру қызметі проактивті форматқа көшірілді. «Smart Data Ukimet» пен Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы интеграцияланды. Енді студенттің қажеттілігі автоматты түрде анықталады. Скоринг жүргізіледі, мұқтаж студенттердің тізімі қалыптастырылады, өтінім автоматты түрде жасалады және шешім қабылданғаннан кейін студентке хабарлама жіберіледі. 2025 жылы осы жүйе арқылы 48 282 проактивті қызмет көрсетілді. Сонымен қатар бұл жүйе әкімшілік жүктемені азайтады, адами факторды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді, - деді С. Нұрбек.

Сонымен қатар ол студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.

- Жалпы, республика бойынша жатақхана тапшылығы жоқ. Негізгі мәселе Алматы қаласында қалып отыр. Мұнда тапшылық 5 176 орынды құрайды. 2026 жылы 18 жатақхананы (жалпы 6 857 орынмен) іске қосу жоспарланған. Жаңа жатақханалар жастардың сұранысына сай, жайлы форматта жасақталып жатыр. Мысалы, Астана қаласында Қазақ ұлттық спорт университетінде жаңа 2 жатақхана 1,5 мыңнан астам студентті орналастыруға дайын. Ашылуы осы аптада болады. Алматы қаласында Халықаралық білім корпорациясының 339 орындық замануи жатақханасы биыл қолданысқа берілді. Қазір 7 жатақхананы іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін тағы 11 жатақхана іске қосылады. Оқу жылының басында студенттерден түсетін өтініштердің негізгі бөлігі жатақханаға орналастыру мәселелеріне байланысты. Осыған себепті Алматы қаласында Ахуалдық және Дағдарыс орталықтарының жұмысы ұйымдастырылды, - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, Ахуалдық орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында жұмыс істейді. Мұнда студенттер мен ата-аналарға жатақханаға орналасу тәртібі, қажетті құжаттар және өтініш беру мәселелері бойынша нақты ақпарат беріледі. Орталықта 8 маман жұмыс істейді. Былтыр бұл орталықта 3 мыңнан астам студентке көмек көрсетілді. Барлық жоғары оқу орындарында да студенттерге жедел көмек көрсету үшін ахуалдық орталықтар мен жобалық кеңселер ұйымдастырылған.

- Алматыда нақты тұрғын үй мәселесі туындаған жағдайда, студентті уақытша орналастыру үшін Дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Орталық ALT University базасында ұйымдастырылды. Мұнда 50 орын қарастырылған. Былтыр дағдарыс орталығында 55 студент уақытша орналасып, тұрақты жатақханаға ауыстырылды. Сонымен қатар барлық өңірлерде студенттік омбудсмендер жұмыс істейді. Олардың міндеті – оқу процесі, жатақхана, әлеуметтік мәселелер бойынша студенттердің проблемаларын жедел қарауға ықпал ету, - деді ведомство басшысы.

Бұған дейін хабарланғандай, биыл студенттер саны 740 мыңнан асады.