Студенттерге ұлтаралық келісімнің маңыздылығын түсіндіру жаппай қолға алынды
Жергілікті ҮЕҰ жетекшілері мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының оқытушылары қатысқан жиында «Перекресток» қоғамдық қорының жетекшісі Алексей Куликов баяндама жасады.
Қор Қостанай қаласында орналасқан. Қазақстандағы ұлтаралық қарым-қатынасты зерттеу арқылы, қоғам дамуына үлес қосуды көздеген ұйым «Этникааралық қарым-қатынас академиясы» жобасын жасап шығарыпты.
«Жоба мақсаты Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар және Қызылорда жастары арасында осы тақырыпқа орай ашық пікір алаңын ұйымдастыру. Оны жүзеге асыру аясында кешенді бағдарламалар топтастырылған жинақ шығардық», - дейді А. Куликов.
Қор жетекшісінің айтуынша, жобаны жасауға Қостанай қаласындағы оқу орындарының біріндегі жағдай себепші болған. Екі студенттің арасындағы келіспеушілік этникааралық дүрдараздыққа ұласып кетпеу үшін білім ордаларының басшылары жастармен әңгіме жүргізетін мамандарды шақыруға мәжбүр болған.
А. Куликов бұл мәселеде оқу орындарында жастарға бағыт беретін мамандар жоқтың қасы екендігін айтады.
Қызылорда облыстық Азаматтық альянсы қауымдастығының баспасөз қызметінен хабарлағандай, қор осы бағытта Қазақстанның бес қаласынан 30-ға жуық ерікті дайындаған.