Студенттерге зияткерлік меншік құқығы жайында мағлұмат берілді

АСТАНА. 5 қараша. ҚазАқпарат - Республикалық «Контрафакт» іс-шарасы шеңберінде Зияткерлік меншік құқығы комитетінің ұйымдастыруымен кеше Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің, Қазақ ұлттық өнер университетінің, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесу өтті, деп хабарлады ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

Жиналған қауым алдында заң ғылымдарының докторы, профессор, Азаматтық құқықтық зерттеулер институтының директоры, Қазақ Гуманитарлық Заң университетінің азаматтық құқық кафедрасының меңгерушісі Төлеш Қаудыров, патенттік сенімді өкіл Шолпан Кіребаева, сондай-ақ Microsoft компаниясының білім саласындағы танылған серіктесі Денис Березин сөз сөйледі.

Т. Қаудыров өз сөзінде тәуелсіз Қазақстанның патенттік ведомствосының қалыптасу тарихына, зияткерлік меншік құқықтарының жалпы ережелеріне, авторлардың, патент иелерінің және құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау мәселелеріне тоқтап өтті. Зияткерлік меншік нысандарына қорғау құжаттарын алу саласындағы халықаралық тәжірибеге шолу жасады. Патент иесіне ғана табыс әкеліп қоймай, мемлекет экономикасының қарқынды дамуына ықпал ететін, өнертабысты, өнеркәсіптік үлгілерді, пайдалы модельдерді және т.б. коммерцияландырудың көкейкестігі туралы айтылды.

Ш.Кіребаева патенттік құқық тарихы және адамзат тарихында бірінші патент алу тәжірибесі туралы айтты. Жұмыс барысында тауар таңбалары иелерінің құқықтарын тіркеу бойынша кездесетін мысалдар келтірді. Сондай-ақ, ноу-хау құпияларының ерекшеліктері туралы айтылды, мысалы, бәріне әйгілі «Кока-кола» сусынының формуласы әлі күнге дейін құпия.

Д. Березин жиналғандарды бағдарламалық қамтамасыз етуді заңды пайдалану бойынша Майкрософт корпорациясы өткізетін іс-шаралармен таныстырды.

Дәріскерлер көтерген мәселелер студенттердің де, оқытушылардың да қызығушылығын тудырды. Студенттердің назары күнделікті өмірде пайдаланылатын заттар (музыкалық туындылар, фильмдер, ұялы телефон, ойыншықтар, киім, техника, азық-түлік және т.б.) зияткерлік меншік нысандары болып табылатынына аударылды.

Әйгілі қазақстандық орындаушы Қыдырәлі Болмановның патент иесі ретіндегі жаңа өнеркәсіптік үлгілері, сондай-ақ контрафактілік өнімдерді пайдалануға теріс көзқарасты насихаттайтын бейнеролик көрсетілді.

Студенттердің сұрақтарына тұшымды әрі толық жауап қайтарылды.