Студенттермен кездесу барысында нашақорлық мәселесі әңгімеге арқау болды
Есірткіге әуестенушілердің көбеюі әлем жұртшылығын қатты алаңдатып отыр. Есірткіге құштарлық, әсіресе, жастар арасында кеңінен таралуы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналуда. Осы қоғамдық дерттің алдын алу, оның шырмауына жастардың түсіп қалмауы үшін қазіргі күні түрлі алдын алу шаралары кеңінен қолға алынуда. Осы сөзімізге дәлел ретінде, кеше, 6 желтоқсан күні ҚР ІІМ Көліктегі ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Орынбай Дүйсенбиев Астана қаласындағы Көлік және коммуникация колледжінің 4 курс студенттерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.
Полиция капитаны кездесуге құр қол келмеген сыңайлы. Ол өзімен бірге ала келген есірткінің алдын алуға бағытталған үнпарақтар мен «Наркопост», «Есірткісіз болашақ» журналдары студенттердің қызығушылығын туғызды.
Шара барысында полиция капитаны студенттерге нашақорлықтың зияны, оның адамға әкелер зардабы жайлы баяндап, есірткі қылмысын жасағандарға қатысты қолданылатын жаза түрлеріне де тоқтала кетті.
Кездесу барысында студент жастарға есірткі, нашақорлық проблемасына арналған бейнефильмдер көрсетілді. Онда бұрынғы нашақорлар, есірткі проблемасымен айналысатын қызметкерлер нашақорлық сынды қоғамдық дерттің залалдарына сараптама жасай кетті.
Одан кейін Орынбай Дүйсенбиев студенттердің сан алуан сұрақтарына жауап берді. Студенттер қауымы нашақорлық проблемасына қатысты өз пікірлерін білдіріп, маманмен пікір алмасуға мүмкіндік алды.