«Студенттік баспана» бағдарламасы аясында елімізде 4 жылдың ішінде 34 ғимарат бой көтереді

АСТАНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «Студенттік баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде 4 жылдың ішінде 34 ғимарат бой көтереді.

Бұл туралы бүгін BNews.kz порталында өткен он-лайн конференция барысында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда бұндай жаппай студенттік баспана салу қолға алынбағанын баса айтқан министр: «ҚР Премьер-Министрі маған «Студенттік баспана» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Ол әзірленді және 4 жылдың ішінде 34 жаңа студенттік жатақхана салу көзделуде. Қазақстанда бұндай жаппай құрылыс салу ешқашан болған емес. Оларда тұру құны қазіргі қарапайым жатақханада тұру құнымен бірдей болады», - деді.

Б.Жұмағұловтың айтуынша, аталған бағдарламаның басты демеушісі қызметін мемлекет атқарады. Дегенмен жеке компанияларды да тарту жоспарда бар. Қазіргі таңда министрлік жеке жоғары оқу орындары мен танымал демеушілерді тарту арқылы мемлекеттік-жеке әріптестік мәселесін де қарастыру үстінде.

Студенттік баспаналардың басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларында бой көтеретін болады. Өйткені бұл екі қалада жатақхана мәселесі өте өткір тұр.